Шетелдіктерді ықтиярхат алғанға дейін әскерге қызмет етуге ресми түрде мәжбүрлеу – әлемдегі алғашқы прецедент болуы мүмкін. Көп мемлекет тек азаматтығы бар адамдарды не сол елде тұрақты тұратындарды әскерге шақырады.
48 жастағы Акиф (қауіпсіздік мақсатында есімдер өзгертілген) 2021 жылы Әзербайжаннан Ресейге көшіп барған. Үш жыл бұрын ол Ресей азаматы Марияға үйленген, екеуі бірге үй салып, Нижний Новгород облысында қой, ешкі және қоян өсіретін үлкен шаруашылық ашқан. Акиф Ресейде қалуға шешім қабылдап, ықтиярхат алу рәсімін бастаған: барлық қажетті анықтамаларды жинап, орыс тілі емтиханын тапсырып, уақытша тұруға рұқсат (РВП) алған дейді Мария.
2025 жылдың аяғында ықтиярхат алу үшін құжат тапсыратын уақыт келген. Акиф қандай құжаттар қажет екенін нақтылау үшін миграция инспекторына барған. Марияның айтуынша, ондағылар оған президенттің №821 жарлығына сәйкес тек әскери келісімшартқа қол қойған жағдайда ғана ықтиярхатқа құжат тапсыра алатынын айтқан.
24 жастағы Бурхон шамамен бір жыл бұрын Тәжікстаннан Ресейге көшкен. Қазір ол Ханты-Манси автономиялық округінде тұрады. 2025 жылдың ақпанында уақытша тұруға рұқсат алған және Акиф сияқты ықтиярхатқа құжат тапсыруды жоспарлаған. Алайда 2025 жылдың күзінде ықтиярхат алу уақыты келгенде оны мемлекеттік қызмет көрсету орталығына шақырып, құжат алу үшін әскери келісімшартқа қол қоюы керегін айтқан.
"Ол сөзіме құлақ асады. Келісімшартқа қол қоймауға көндірдім" дейді Бурхонның Тәжікстанда тұратын әкесі "Система" жобасына. Оның айтуынша, миграция қызметі де Ресейде заңды құжат алғысы келетін 18 бен 60 жас арасындағы ер адамдар әскери қызметке алу жөнінде келісімшарт жасасуы керек деген әлдебір жаңа ережеге сілтеген.
КЕЛІСІМШАРТҚА КІМ ҚОЛ ҚОЮЫ КЕРЕК?
№ 821 жарлық шынымен де бар, оған Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылғы 5 қарашада қол қойған. Ол құжат бойынша ықтиярхат алғысы келетін азаматтар (бұл ереже барлығына бірдей жүрмейді, оның жай-жапсары төменде айтылады) әскери келісімшарт жасасуы тиіс.
Акиф те, Бурхон да миграция қызметіне барғанға дейін бұл жарлық туралы ештеңе естімеген. Құжат бір айдан астам уақыт бұрын қабылданса да, мемлекеттік ақпарат құралдары да, шенеуніктер де мигранттардың жаңа міндеті туралы ештеңе жарияламаған. Жарлық туралы хабар таратқан ірі ақпарат құралдары тек соғыста жүрген шетелдіктердің ықтиярхат не азаматтық алуы жеңілдеді дегенді айтқан.
Көп материалдың арасында Путин жарлығының басты жаңалығы туралы ештеңе болмады. Бұдан былай ықтиярхат алуға құжат тапсырарда Ресей армиясында кемінде бір жыл қызмет етемін деген келісімшартты не төтенше жағдай министрлігінде қызмет ететіні жөнінде келісімшартты немесе әскери комиссариаттан "әскерге жарамсыз" деген анықтаманы алып келуі керек.
Ресей азаматтығына құжат тапсыратындарға да шамамен осындай талаптар қойылады. Өтініш берушілердің кейбірінен әскерге жарамсыздығы туралы анықтама не Ресей қарулы күштерінде не төтенше жағдай министрлігінде 2024 жылғы 24 ақпанға дейін қызмет етті деген анықтама әкелу міндеттелген.
Бұрын ықтиярхат не азаматтық алғысы келгендерге мұндай талап қойылмайтын. Мұны мигранттарға көмектесетін құқық қорғаушылар да, осы саладағы сарапшылар да айтады. Енді шетелдіктің мұндай анықтамалары болмаса, процесс тоқтап қалады немесе ол қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырады.
Бұл талап бәріне бірдей емес. Ол Ресейде ұзақ тұру, отбасымен қосылу сияқты негіздермен құжат тапсыратындарға қатысты.
Оқу мақсатымен келгендер, отандастарды елге қоныстандыру бағдарламасы аясында көшкендер не жоғары білікті маман ретінде құжат тапсырғандарға әскери комиссариаттан анықтама не келісімшарт қажет емес.
Акиф армияға бару жөнінде келісімшартқа қол қойғысы келмейді, демек ол Ресейде заңды тұруға рұқсат беретін ықтиярхат та ала алмайды дейді әйелі Мария. Қазір ол ықтиярхат алғанға дейін заңды тұруға рұқсат беретін қағазбен ғана Ресейде жүр. Бұл құжат үш жылға жарамды, осы аралықта ықтиярхат алмаса шетелдік Ресейден кетуі керек не заңдастырудың күрделі процедурасын қайта бастауы тиіс.
Басында Мария миграция қызметіндегілер Путиннің жарлығын дұрыс түсінбеген деген тұжырым жасаған, себебі ол аймақтық адам құқықтары уәкілімен кеңескен, ол Акифтен ешқандай келісімшарт талап етілмейтінін айтқан. Марияның айтуынша, миграция инспекторы айтқанынан қайтпай, "Ұнамаса, кетіңдер" деген.
Енді олардың Ресейдегі үйі мен фермерлік шаруашылығын тастап, кеткеннен басқа амал қалмай тұр. "Отар қойды қайда қалдырарымызды білмеймін, қазір олардың көбі буаз, союға да келмейді. Біреуге жай сыйлай салуға да обал, оған қаншама күш жұмсадық. Не істерімізді білмей сансырап қалдық. Бұл еттартқыштың бір тетігі сияқтымыз" деді Мария.
Ал Бурхон әкесінің кеңесімен Ресей армиясында бір жыл қызмет етуден бас тартты. Әзірге ол уақытша тұруға рұқсат қағазымен Ресейде өмір сүріп жатыр. "Қалай боларын көре жатармыз" дейді әкесі.
ҚАЛЫПТАСҚАН ДӘСТҮР: МИГРАНТТАРДЫ СОҒЫСҚА БАРУҒА ҚАЛАЙ МӘЖБҮРЛЕЙДІ?
Ресейдің Украинаға қарсы соғысына ондаған елден мыңдаған шетелдік қатысып жатыр. Олардың бір бөлігі – жақсы ақша табамыз не жеңіл жолмен Ресей азаматтығын аламыз деп өз еркімен келісімшартқа қол қойғандар. Ресей өкіметі 2022 жылы мұндайларға біршама жеңілдік жасалған. Мәселен, соғысқа қатысып жатқандар орыс тілі мен Ресей тарихынан емтихан тапсырмайды, азаматтықты оңай алады. Жақында үкімет қылмыстық қудалау не үкімді орындау мақсатында басқа елдер өтініш жіберсе, соғыста жүрген шетелдіктерді оларға бермеу туралы заң жобасы талқыланды.
Кейбірі алаяқтардың арбауына түсіп не жеңіл жолмен оңай олжаға кенелемін деп құрыққа түсіп қалған. Мәселен, Куба, Шри-Ланка сияқты елдерден келгендер осындай схемаларды айтып берген.
Ресейге Украинаға басып кіргелі бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден, соның ішінде Орталық Азиядан келген ерлерге қысым көбейді.
Көші-қон қызметі тек азаматтық алғандарға ғана қысым көрсеткен жоқ. Құқық қорғаушы Валентина Чупик Kloop басылымына айтқандай, Мәскеудегі "Сахарово" көші-қон орталығында 2022 жылдан бері шетел азаматтарына құжаттар топтамасымен бірге "ерікті әскери қызметке" келісімшартты да қоса беретін болған. Содан бері бұл қысым күшейе түсті: 2025 жылғы қыркүйекте "Люди Байкала" басылымы ықтиярхат пен азаматтық алуға өтініш берген мигранттарды шенеуніктер соғысқа баруға қалай мәжбүрлейтіні туралы егжей-тегжейлі материал жарияланды.
Акифтің немере інісіне де бірнеше ай бұрын осындай қысым жасалған. Акифтің жұбайы Марияның айтуынша, Әзербайжан азаматын Ресей паспортын алу үшін міндетті түрде әскери комиссариатта медициналық тексеруден өту қажет деп сендірген. Ал әскери комиссариат "кейін Ресей төлқұжатын береді" деп тексеруден кейін паспортын алып қойып, бірнеше күннен соң оны соғысқа жіберген. "Бір ай оқу-жаттығуда болды. Екі айдан кейін сүйегі келді. Қаза тапты. Міне, "азаматтықты" осылай алды", — дейді Мария. Ол Акифтің інісінің атын атаған жоқ, ал "Система" оның қаза тапқаны туралы ақпаратты растай да, жоққа шығара да алмады.
BBC-дің орыс қызметі мен "Медиазонаның" ашық дереккөздерге сүйенген зерттеуіне сенсек, 2025 жылғы қарашаның ортасындағы дерек бойынша Украинаға қарсы соғыс кезінде Ресей армиясы қатарында кемі 1339 шетел азаматы қаза тапқан.
Бұдан былай Ресей құжатын алу үшін соғысқа аттандыру полиция мен көші-қон қызметіндегі кей адамдардың бейресми шешімі ғана емес, Путин жарлығымен бекітілген міндетке айналды.
Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірлерге қарасақ, бұл анықтаманы кімнен талап етуге хақысы бар екенін көші-қон қызметіндегілердің өздері де түсінбеген сыңайлы. Шетелдіктер мен олардың туыстарының айтуынша, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасаспен тиісті құжат алуға бола ма, болмай ма, бұл нақты бір аймақтың көші-қон қызметіндегі нақты қызметкердің бұл талапты қалай түсінетініне байланысты.
Мигранттарға қатысты мұндай ереже енгізу арқылы Ресей үкіметі екі бірдей міндетін орындап отыр дейді Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаров. Бірінші – соғысатындар санын арттыру. "Ең алдымен қарсылық көрсетпейтін, өз құқығын қорғай алмайтын адамдар мобилизацияланады" дейді ол.
Ресейдегі көші-қон стратегиясының екінші міндеті – Ресейге біржола көшіп келуді тиімсіз ету. "Болашақта мигранттар Ресейге тек еңбек ресурсты, еңбек күші ретінде ғана келуі керек" дейді Ресей басшылығының логикасын түсіндірген Умаров.
Армияға барғандарға жеңілдетілген әдіспен азаматтық беру – әлемнің көп елінде бар тәжірибе. Мәселен, АҚШ, Израиль, Франция сияқты елдерде әскерде болғандар сол елдердің азаматтығын жылдам ала алады. Кей елде әскерде болғандар ықтиярхатқа тез қол жеткізеді.
Кей ел өз аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерді әскерге баруға міндеттейді. Мәселен Сингапурдың тұрақты әскері құрамында осы елдің азаматтары ғана емес, тұрақты тұру құқығы бар ер адамдар қызмет етуі керек. Ал Кипрде 1960 жылдан кейін дүниеге келген, онда тұрақты түрде тұратын, Кипр азаматтығы болмаса да, тегі кипрлық ерлер армияға баруы тиіс.
Алайда ықтиярхатқа өтініш беру сияқты ең бастапқы кезеңде әскерге баруға міндеттейтін басқа бірде-бір ел табылмады.
"Ресей жалпы миграция саясатын қайта қарап шықты. 2022 жылға дейін ең бастысы – демография мәселесі саналды, ал оны бір жағынан мигранттарды шақыру арқылы да шешіп келді, — дейді Темур Умаров. — Ал 2022 жылдан бастап ойлау жүйесі өзгерді, демография мәселесі ұмыт қалып, әлдебір "орыс тегі" туралы айта бастады. Бұрын мұнда ең бастысы экономика болған, яғни жаңа азаматтар экономиканы өсіруге үлес қосады делінетін. Ал қазір басты шешім қабылдаушы – күш құрылымдары, олар мигранттарды түрлі жолмен соғысқа тартуға құмар".