Австралияның Сидней қаласында белгісіз екі адам Бонди-бич жағажайындағы адамдарға оқ атты. Зардап шеккендер мен қаза болғандар бар. Ақпарат құралдарының жазуынша, жағажайда осы кезде еврейлердің Ханука мерекесі тойланып жатқан. Оған жергілікті еврейлер қауымдастығының өкілдері қатысқан.
Полицияның мәліметінше, "көп адам" қаза болған. Жаңа оңтүстік Уэльс штатының полициясына сүйенген BBC-дің жазуынша, кемінде 9 адам қаза болған, кемінде 12 адам жарақаттанған. Шабуылдаушының бірі мерт болған. Екінші шабуылдаушының да ұсталғаны хабарланды. Олардың адамдарға оқ ату себебі әзірге айтылмады.
Куәгерлердің айтуынша, қара киген екі адам жағажайдың тұрағында тұрып алып, адамдарды көздеп тұрып атқан. Атыс шамамен 10 минутқа созылған.
Атыс пен адамдардың қашқаны видеоға түсіп қалған. Желіде қарусыз адамның шабуылдаушылардың бірінің қаруын тартып алғаны туралы да видео жарияланды, бірақ оның түпнұсқалығы әзірге расталмады.
Тұрғындарға Бонди-бич пен оның маңындағы аумақтардан кетуге кеңес берілді. Оқиға орнынан таратылған видеохабарларда зардап шеккендерге полиция мен медицина қызметкерлерінің көмек беріп жатқаны көрінеді.